Дарынды және талантты балаларды анықтаудың тиімді жолдары.
«Білім негізі-бастауышта»,-дегендей бастауыш сынып оқушының білім алуының бастапқы баспалдағы. Осы бастаудан білімді жан-жақты меңгерген тұлға қазіргі заман талабына сай өз білімін толыққанды меңгере алуы тиіс. Оқушыға үйретіп қана қоймай, осы жаңа тақырыпты өзі ізденіп, өзіндік, топтық, жұптық жұмыстар арқылы жүзеге асыруға бағыт-бағдар беруіміз қажет. Бастауыш саты-оқушыда, оның интеллектісі дамуының іргетасы танымдық әрекеті қалыптасуының қуатты жүретін кезеңі. Яғни, балада ақыл-ой әрекеті сияқты аса маңызды қабілет қалыптасады. Бұл қабілет оқи білуге, үйрену-ынтасынан көрінеді. Оқытудың алғашқы қадамдарынан бастап мектеп осы қабілетті жан-жақты дамытып, әрі жаттықтырып отыруға тиіс. Оқыту мен оқуды жетілдіру барысында жаңа технологияны қолданып, сабақ барысын 7 модульмен ықпалдастыра білу қажет. Дарындылық дегеніміз- адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі, ойлап табу. Демек, оқушының қабілетін ояту, жаңа рухани күш беру білімнің ең негізгі мақсаттарының бірі. Ал, мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады. Мысалы, әдебиеттік оқу пәнінде оқушыларға берілген шығармашылық тапсырмалар сөздік қорларын молайтуға, өз ойын толық жеткізуге, сыни ойлауға жетелейтін сұрақтар құрастыруға жетелейді. Математика пәнінен логикалық есептер, күнделікті өмірмен байланыстыра отырып есептер құрастыру, деңгейлік тапсырмаларды орындау барысы оқушының ой ұшқырлығын және алғырлық қасиетін танытады. Осындай әдіс-тәсілдердің көмегі арқылы сыныптағы дарынды, талантты оқушыларды анықтауға болады. Оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді. Әрине, баланың шығармашылық қабілеттерін дамытатын жаттығулар мен тапсырмалар, әдістер мен тәсілдер сан алуан. Сабақ құрылымына шығармашылық пен зерттеуді ендіру және оны қолдана алу әр мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Соның айғағы ретінде, өз сыныбымда әр пәннен «зерттеу сабағы» жүргізіледі. Зерттеу сабағы-мұғалімдер қауымдастығының бірлескен жұмысы. Сыныптағы дарынды оқушыларды сабақ үрдісінде бақылап анықтауға мол мүмкіндік болады. Топтық жұмыстарда да дарынды оқушылардың көшбасшылық қасиеттерін көре аламыз. Өзін-өзі бағалау, саралу, синтез және кері байланыс кезеңдерінде дарынды оқушылардың ерекше қабілеттері басым болады. Әдебиеттік оқу пәнінде А. есімді оқушы сурет бойынша сөйлем құрастыру, венн диаграммасын, бес жолды өлең тапсырмасын орындауда өзінің ерекше қабілет дағдысы көрінді. Яғни, өз ойын жинақтап айтты, тақырыптың қорытынды ойын салыстырды, шығармашылық қабілеті шыңдалды. Ал, музыка пәнінде осы оқушы музыканы есту, ритмді түсіну, сезімталдық сияқты дағдыларымен ерекшеленді. Бағалау кезінде оқушы өзіне сенімділігін көңіл-күй баспалдағында көрсете білді. Неліктен оқушы өзіне сенімді екендігі сұралды? Оқушы бұл сұрақта берілген тапсырмаларды орындауда еш қиындық болмағанын айтты. Осыдан, оқушының дарындылық қабілетін көре білдік. Міне, әр алуан әдіс-тәсілдер сабақ барысында жүзеге асырылса, талантты және дарынды оқушыларды анықтауға тиімді болары сөзсіз.